«Қазақстандағы пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеу: халықаралық тәжірибені ескере отырып, проблемалары және перспективалары» тақырыбындағы бірінші дөңгелек үстел 2019 жылдың 5 қарашасында Нұр-Сұлтан қаласында өтті.
Дөңгелек үстелдің жұмысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Нұр-Сұлтан қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің, «Оператор РОП» ЖШС-нің өкілдерін қоса алғанда, түрлі ұйымдардан 39 адам қатысты. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ халықаралық сарапшы – Мугурел Радулеску де қатысты.
Дөңгелек үстел барысында қалдықтарды басқарудың халықаралық тәжірибесі, Қазақстандағы пластик қалдықтарымен жұмыс істеудің қолданыстағы жүйесі жайында бірқатар презентациялар тыңдалды, сондай-ақ негізгі мүдделі топтар өкілдерінің қатысуымен «Қазақстандағы пластик қалдықтарын жинаудың және қайта өңдеудің үлесін арттыру жолдары мен мүмкіндіктері» тақырыбында панельдік пікірталас өткізілді. Панельдік пікірталас аясында талқылау үшін келесідей мәселелер көтерілді:
1. Пластик қалдықтарының түзілуін қысқарту бойынша шаралар (қаптаманың дизайны, бір рет қолданылатын өнімдерді пайдалануға тыйым салу және т. б.);
2. Пластик қалдықтарын жинау және қайта өңдеудің үлесін арттырудың жаңа құралдары;
3. Өндірушілердің, қайта өңдеушілердің және РОП Операторының өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттыру.
Дөңгелек үстелдің маңызды нәтижелерінің бірі - Қазақстандағы пластикті жинау және қайта өңдеу проблемасына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің назарын аудару болды. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Қаракен Құралай Ануарқызының қатысуы дөңгелек үстелдің одан әрі ұсынылуы және жалпы алғанда, Қазақстандағы қалдықтармен жұмыс істеу проблемаларының шешілуі тұрғысынан келгенде өте маңызды болды.